
Telegram: Тыныштық тыпыршытты
Мұнай нарығы аптаны дүр сілкіндіріп бастады. Brent маркалы қара алтын 2,44%-ға қымбаттап, бір баррель үшін 64,31 доллар деңгейіне қайта шықты. Бұл күтпеген жағдай емес, керісінше, OPEC+ ұйымының ешқандай тосын өзгеріс жасамаған сабырлы шешіміне берілген реакция. Tengenomika телеграм арнасының жазуынша, дәл осы «тыныштықтың» өзі мұнай бағасына жан кіргізіп отыр.
Картель мен оның серіктестері шілде айында мұнай өндіруді тәулігіне 411 мың баррельге арттырды. Көрсеткіштің алдыңғы айлардан еш айырмасы да жоқ. Сарапшылар әлдеқайда ауқымды өсім болады деп дәмеленіп еді, алайда ұйым қалыпты бағытты таңдады.
АҚШ-та не болып жатыр? Ондағы жағдай да Brent бағасының қайта өсуіне серпін берген. Бұрғылау қондырғыларының саны 461-ге дейін төмендепті. Бұл 2021 жылдың қарашасынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Яғни кәрі құрлық мұнай өндіру қарқынын бәсеңдетіп отыр. Сонымен қатар бензинге сұраныс тәулігіне 1 млн баррельге артқан. Кейінгі 3 жылдағы ең ірі серпінге таңырқамаған компания жоқ. Жазғы маусым, демалыс пен жолсапар бензин тұтынуды шарықтатып жатыр. Алда келе жатқан дауыл маусымы – тағы бір үлкен қауіп.
Не күтеміз? Арна авторларының жазуынша, қысқа мерзімде нарық тынышталғандай көрінгенімен, фундаменталды тәуекел сақталып отыр. Себебі АҚШ-та өндіріс төмендеп барады, сұраныс тек маусымдық тұрғыда артады. Ал қоймадағы қор азайып жатыр. Осының бәрі мұнай бағасының алдағы апталарда құбылып тұруына себеп болуы мүмкін.
AERC: Орталық Азия неге біріге алмай отыр?
30 жылдан астам уақыт өтсе де, Орталық Азия мемлекеттері әлі күнге дейін шын мәнінде, интеграцияланған экономикалық кеңістік құра алмады. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан арасындағы байланыстар тек жекелеген жобалармен ғана шектелген. Ресеймен де жағдай дәл осындай.
Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығының (AERC) ғылыми жетекшісі «Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық: қазіргі заманғы сын-қатерлер» зерттеуінде осы түйткілге тереңірек тоқталды. Айтуынша, қайшылықтың басты себебі – аймақ елдері арасындағы даму деңгейінің алшақтығы мен саяси тұрақсыздық.
– Кейбір елдерде экономика мен басқару жүйесі әлі де өтпелі кезеңде тұр, институционалдық негіз әлсіз, ал реформалар аяқталмаған. Әсіресе Тәжікстан мен Түрікменстанда демократиялық институттар орнықпаған. Мұндай жағдайда терең интеграция туралы айту қиын. Оған қоса, аймақ ішіндегі сенім де жеткіліксіз. Шекаралық қақтығыс, су ресурстары үшін талас, сыртқы ойыншылардың ықпалы – мұның бәрі Орталық Азияны ортақ мақсатқа жұмылдырмай отыр. Әлемде геосаяси шиеленіс күшейіп тұрған кезде, бөлшектенушілік аймақтың осалдығын тереңдетеді, – деп түйін жасайды экономист.
Дегенмен зерттеушілер үміт отын елімізден көреді. Себебі бізде саяси тұрақтылық бар, экономикамыз салыстырмалы түрде әртараптанған, халықаралық беделі жоғары. Ең бастысы, Қазақстан – интеграциялық бастамаларды жүйелі түрде көтеріп келе жатқан жалғыз ел. Экономист нақты ұстаным айтты:
– Орталық Азияға көшбасшы ел қажет. Бірігу – тек ұран емес, аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық өміршеңдіктің алғышарты. Бұл жауапкершілікті Қазақстан өз еркімен, сенімді түрде атқара алады, тіпті тиіс те. Себебі егер бұл рөлді басқа күш иемденсе, аймақтың бағы бөлек арнаға бұрылуы мүмкін, – дейді Жақсыбек Құлекеев.
YouTube: Халық сенбейді, бірақ қызығады
Бізде халықтың ақшасы банкте сақталады немесе «жер алып, үй салсам ба» деген оймен жылдар бойы қозғалмай тұрады. Ал стартап иелері жобасына қаражат таба алмай отыр. Екеуінің арасында көпір болар жүйе – краудинвестинг. Осы мәселені Батырхан Елемес өзінің YouTube арнасында көтерді. Оның «Инвестор ақшасы қайда кетеді? Қазақстандағы краудфандингтің мәселелері мен келешегі» деп аталатын подкастында сарапшылар тың ойларын ортаға салды.
iKapitalist платформасының негізін қалаушы Нұрбек Раевтың айтуынша, халықта сенімнен гөрі үрей басым. Артық қадам жасаудан қорқады.
– Отандастарымыз ақшасын инвестициялауға қарсы емес. Бірақ олар нақты сенімді құрал іздейді. «Финико», «Гарант 24», «Questra World» секілді қаржы пирамидаларынан кейін ешкім ешкімге сене алмай қалды, – дейді ол.
Қаржы директоры Дәурен Баймағамбетов болса, заңның жоқтығы үлкен кедергі дейді.
– Елімізде краудфандинг пен краудинвестингке қатысты заң жоқ. Яғни инвестор салған ақшасын жоғалтса, ешқандай қорған жоқ. Сол себепті, платформада келісімшарт пен тәуекелдер алдын ала түсіндіріледі. Бірақ бұл жеке бастамалардың арқасында ғана. Ал мемлекет тарапынан әлі де нақты жүйе жасалмады, – дейді.
Нұрбек пен Дәуреннің пікірінше, бұл нарық әлі дамудың басында, алайда қазақ қоғамы баяу болса да қаржылық сауаттылыққа бет бұрды. Жастардың белсенділігі үміт отын үрлейді, себебі олардың қаржылық белсенділігі артқан. Олар дәстүрлі банктен емес, онлайн инвестициядан, пассив табыстан үмітті. Бұл қоғамда қаржылық сананың біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетсе керек.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»